Оңтүстікте медияция ісін ілгерілетуге арналған семинар өтті

SONY DSC

ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Медиация – қоғамды бітістірудегі басты күш!» тақырыбында өңіраралық семинар өтті.

Семинарға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлері, судьялар, прокурорлар, ОҚО ІІД қызметкерлері, облыстық адвокаттар алқасының, облыстық нотариаттық палатасының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ медиация секторының меңгерушісі Жанар Үсіпбекованың «Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация институтының дамуы», «Медиациялық қызметті жүзеге асырудағы этносаралық міндеттер» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа судьясы Нұрлан Биболов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, құқықтану саласының ph докторы Ермек Бекбосынов медиация институтын ілгерілету бағытында өңірімізде қол жеткізген жетістіктер мен кездесіп отырған түйінді мәселелерге тоқталды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-ші сессиясында ел бірлігін нығайтудың өркениетті тетігі ретінде медиация институтын айрықша атап өтіп, оны бірегей конституциялық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы дамытуды ұсынған. Медиативтік міндеттерді үйлестіруде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды. Қазіргі кезде облыста 44 кәсіби және 459 кәсіби емес медиаторлар тізімі жасақталып, ортақ дерекқоры түзілді. Аудандар мен қалалардағы кәсіби емес медиаторларының біліктілігін арттыру бағытында 8 семинар-кеңес өткізіліп, оған 200-ге жуық кәсіби емес медиатор қатыстырылды.

Тұрғындар арасында медиацияны насихаттау мақсатында елді мекендерде 134 кездесу ұйымдастырылып, оған 7 мыңнан астам азаматтар қатысты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*