Шардаралық қол күрес шеберлері Азия чемпионатына аттанды

Келесі аптада, яғни 5-11 маусым күндері Қырғызстан мемлекетіндегі Ыстықкөл демалыс аймағына қарасты Бостери қаласында армрестлингтен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы XVI Азия чемпионаты өтеді. Азия құрлығының барлық мемлекеттерінен қатысатын байрақты бәсекеге Қазақстан Республикасы құрамасының 50 пайызын құрайтын, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының спортшылары да тас түйін дайындықпен аттанды.


Ел намысын қорғайтын жерлестерімізді таныстырып өтсек дейміз. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтетін сайысқа 15 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, 50 келі салмақта үш бірдей спортшыларымыз – Ердәулет Сарыбай, Нұрхан Қадыр, Тәңірберген Алдан күш сынастырады. 60 келіде Азамат Рахмет сынға түссе, 65 келіде Нұрдәулет Көшкенбек бақ сынайды. 70 келіде Көбей Дәулетұлы, 75 келіде Бақытжан Тасболат, Ербол Қадыр, Бекет Айтбек ел намысын қорғамақ. 80 келі салмақта Есболат Қаржау сайысқа түссе, 80 келіден жоғары салмақта Азамат Арапбай мен Абзал Қалдарбек ортаға шығады. Жасөспірімдер арасында спортшы қыздарымыз да өнер көрсетпек. 60 келі салмақта ешкімге дес бермей жүрген Құралай Абдулла сынға түссе, 65 келі салмақ дәрежесінде Ұлбала Камал мен Назерке Дүкен ел намысын қорғайтын болады.
19 бен 21 жас аралығындағы жастар командасында 7 спортшы күш сынастырады. 55 келі салмақта Бақдәулет Нұргелді мен Дәурен Әбсаттар, 60 келіде Қыдыр Өсербай, Беймен Анықбай және Рысбек Салыбек, 65 келіде Нұрдәулет Қадыр, 70 келіде Нұрдәулет Айдархан есімді спортшыларымыз Азия чемпиондығына таласады.
Ересектер арасында өтетін сайысқа 13 спортшымыз бақ сынауға дайын. 60 келі салмақ дәрежесінде Әкім Қыдырбай спорттық жарысты бастап берсе, 65 келіде Медет Оразбеков, Дінмұхаммед Мұсаев, Талғатбек Рүстембек сынды белгілі спортшыларымыз атой салмақ. 75 келі салмақта Талғат Ақтаев пен Қайырхан Шәмиев, 80 келіде Мағжан Шәмиев, 85 келіде Ғалымжан Қарсыбаев, 90 келіде Нұрдәулет Сәдуақасов, 110 келіде Рысдәулет Мұханбетов пен Ергешов сынды саңлақ спортшыларымыз өнер көрсететін болады. 110 келіден жоғары салмақта әлемді мойындатып жүрген Медет Құттымұратов ел намысын қорғайды. Ересектер командасында Жұлдыз Мәлік есімді жас балуанымыз 55 келі салмақ бойынша күш сынастыратын болады.
Көрші елдегі дүбірлі додада, мінеки, осынау ұл-қыздарымыз Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсетпек. Азия құрлығындағы кіл мықтылар күш сынастыратын чемпионатта жерлестеріміздің асығы алшысынан түсіп, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектес болайық, ағайын!
Сапарларың сәтті болсын, жерлестер!

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*