Шардарада мектепті үздік бітірген түлектерге стипендия тағайындалды

Шардара ауданындағы бала саны көп білім ордасының бірі – Алатау батыр ауылындағы Сырбек Кәттабеков атындағы жалпы орта мектебі. Мектепке есімі берілген Сырбек Кәттабековті шардаралықтарға тәптіштеп таныстырып жату артықтық болар. Қазіргі Алатау батыр, бұрынғы «Қазақстан» кеңшары 1971 жылы құрылғаны көпшіліке белгілі. Жаңадан ашылған шаруашылықтың қазығын өз қолымен қағып, оны 1992 жылға дейін жемісті басқарған Сырбек ағаның ерен еңбегі елдің жадында. «Қазақстан» кеңшары Кеңес өкіметі жылдарында егіншілік мәдениеті мен күріш өнімін өндіруде КСРО көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың біріне айналды. Күріштік алқаптың гектар берекелілігі 70-80 цн-ден айналып, табыстың тай қазанын тасытқан кезеңдерді халық ұмыта қойған жоқ. Ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерінің арқасында кеңшар директоры Сырбек Кәттабеков сол кездегі ең жоғары наградалар – Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алатау батыр ауылындағы орта мектепке майталман күрішші, қоғам қайраткері Сырбек Кәттабековтің аты берілді.Соңғы біраз жылдың бедерінде аталмыш оқу ордасына Сырбек Кәттабековтің ұлы Нүркен Кәттабеков директорлық жасап келеді. 2016-2017 оқу жылын мектеп тәп-тәуір табыспен аяқтады деп айтуға негіз бар. Аталмыш білім ордасында 1499 оқушы биылғы оқу жылын аяқтаса, соның 129-ы 11 сыныпты бітіріп отыр. Бұлардың ішінен 90 түлек ҰБТ сынағын тапсыруға өтініш берген.Дарынды оқушылардың « Самұрық математик» сайысына 103 оқушы, « Ақбота» зияткерлік сайысына 17 оқушы, « Зерде» ғылыми жобасына 4 оқушы, « Брич Булдог» интеллектуалдық конкурсына 12 оқушы, «Алтын ұрпақ» облыстық зияткерлік олимпиадасына 112 оқушы қатысып,оның 16-сы түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды.Облыстық оқушылар арасында пән олимпиадасында 1 оқушы ІІ орынды, мұғалімдер олимпиадасында 1 мұғалім І орынды жеңіп алды. Мектептің жас спортшылары да толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда мектеп спортшылары дзюдо күресінен 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасында Рысбай Төлеевті еске алуға арналған IX-шы Халықаралық турнирде ІІ орын , ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дзюдо күресінен І орын, қазақ күресінен 2000-2001 жылғы туған жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионатында І орын, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен самбо күресінен облыс чемпионатында І орын иеленген Құралбай Қамбарды және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған самбо күресінен облыс чемпионатында ІІ орын иеленген Тәжі Лесбек сынды шәкірттерін орынды мақтаныш етеді.
Биылғы оқу жылының аяғында Кәттабековтер әулеті бір игі бастаманы қолға алды. Отбасы мүшелері өзара ақылдаса келе мектепті үздік бітірген оқушыларға Сырбек Кәттабеков атындағы стипендия тағайындауды ұйғарды. Кешегі өткен «Соңғы қоңырау» мерекесінде «Алтын белгіден» үміткер 7 оқушыға, атап айтар болсақ, Әбубәкір Ағжан, Азамат Қайрат, Бигелов Нұрбек, Кенжебек Рысбек, Қабидолла Жансая, Сырбек Аида, Сәдуақас Назерке есімді түлектерге көп алдында Сырбек Кәттабеков атындағы стипендия табыс етілді. Бұл игі іс бұдан былай жыл сайын тұрақты түрде жалғасын тауып отыратын болмақ.
-Қамқорлыққа мұқтаж балалар да назарымыздан тыс қалып отырған жоқ .Олардың бәріне жергілікті кәсіпкерлерді ұйымдастыру арқылы қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Ақпан айында «Жүрегім толы мейірім» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Акцияда жиналған қаржыға отбасылық жағдайы төмен балаларды қолдап отыру үшін қор құрып, арнайы комиссия арқылы оларға таратып берудеміз, — дейді мектеп директоры Нүркен Кәттабеков.
Жас жеткіншектердің болашағына қамқорлықпен қарап, шәкіртақы тағайындап отырған Кәттабековтер әулетінің осынау игі тірлігін үлкен азаматтық деп айтсақ жарасады. Мектептің дарынды да білікті шәкірттері молая беруіне тілектеспіз.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*