ОҚО әкімі: өңірдегі әрбір ауданда лагерь болуы қажет

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Мәжіліске облыс әкімінің барлық орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері және облыс әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Отырыс барысында өңір басшысы ең алдымен өңірде жазғы сауықтыру лагерлерінің аздығын айтып, бірқатар сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сын ескертпе айтты.«Облыста биылғы жылы 1 мен 10-сынып оқушыларының саны 579 мыңға жуық оқушыны құрап отыр. Ал, бұл балалардың жазғы демалысын тиімді етіп ұйымдастыру үшін, барлық талаптарға сай келетін жазғы сауықтыру лагерлері қажет. Мен әрдайым балалардың денсаулығы басты назарда  болу керектігін айтып келем. Бір Төле би ауданында 52 туристтік демалыс аймағы бар да, бірақ лагерлер жоқ. Ал, Түлкібас ауданында 12 лагерь бар»,-деді әкім.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында аймақ басшысы аудандар өзара байланысып кенже қалған салалар бойынша тәжірибе алмасуды және жазғы сауықтыру лагерлерді салуды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қолға алуды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.

Әрбір аудан, қаланы дамыту бойынша бағыт-бағдар берген аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев әкімдердің атқарған жұмысын нақты бағалап, қорытынды шығарылатынын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің қызметке сәйкестігін анықтау үшін қайтадан әңгімелесуден өткізуді облыс әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбековке міндеттеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*