Мақтааралдықтар мақта зиянкестерімен биологиялық тәсілдер арқылы күресуде

Мақтарал ауданындағы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында мақта көбелегі және өрмекші кенеге қарсы биологиялық және химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары бойынша семинар-кеңес өтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің ОҚО аумақтық инспекция басшысы Н.Б.Бадыраков семинар-кеңеске қатысты.Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін және экологиялық таза өнімдерге қатысты көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатынымызды айтқан еді. Елбасы тапсырмасының Мақтарал ауданы бойынша орындаудың бірден бір жолы ол аудандағы егістіктің 70%-ын алып жатқан мақтаның өнімділігін экологиялық таза жолмен арттыру. Сондықтан да, бүгінгі өткен семинар-кеңестің мақсаты – мақта өнімділігін экологиялық таза жолмен өсіру технологиясын сақтау, мақта егістігін зиянкестерден химиялық емес биологиялық қорғау болып табылады.

Мақтарал ауданы бойынша ағымдағы жылы агроқұрылымдарды ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге қажетті биоагенттермен қамтамасыз ету және таратылуын ұйымдастыру, зиянкестермен күрес жұмыстарының сапасын арттыру жөнінде аудан әкімінің орынбасары А.Маханбетов сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Мақта дақылының зиянкестеріне химиялық және биологиялық тәсілмен күрес» тақырыбында Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өкілі Б.Көпжасаров, «Қазақстанда мақта шаруашылық саласының бүгінгі таңда даму жолдары» тақырыбында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Ибадулла Үмбетаев баяндады.«2013-2016 жылдар аралығында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей қолдауымен 2013 жылы биоагенттердің және биопрепараттардың құнын арзандатуға алғаш рет 150 миллион теңге қаржы бөлініп, 40 мың гектарға жуық мақта алқабы биологиялық әдіспен өңделді. Нәтижесінде мақта өнімділігі облыста рекордтық көрсеткішке жетіп 28 ц/га құраса, мақтаның ордасы Мақтаралда 30ц/га құрады. Бұл биологиялық тәсілдердің тиімді екенін көрсетеді» — дейді ҚР АШМ АӨК МИК ОҚО аумақтық инспекция басшысы Н.Бадыраков.

Айта кетейік, семинар-кеңеске аумақтын инпекция мен болжам орталығының басшылары мен мамандары, аудандық бөлім басшылары мен мамандары, ауылдық округ әкімдері, жер мамандары, биофабрика, биолаборатория мен агроқұрылым басшылары қатысып, мақта шаруашылығына қатысты көптеген ақпараттарға қанық болды.

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*