ОҚО-да ауыл шаруашылығы бағытында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Оңтүстік Қазақстан облысында шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында 8 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Тұрбеков мәлім етті.Оның айтуынша, облыста инвестиция соммасы 18,5 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін «АK Kazyna» ЖШС-нің жобасын іске асыру жұмыстары басталған. Ал, «Ордабасы-Құс» ЖШС-гі күрке тауық етін өндіру өңдеу өндірістік қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға жеткізу бойынша келісімге қол қойған. Мұнан бөлек, Шардара ауданында балық өнімдерін қайта өңдейтін екі зауытты іске асыру жұмыстары жүргізілсе, инвестиция соммасы 7,8 млрд. тг. құрайтын түйе сүтін қайта өңдейтін зауыт салу жұмыстары басталған.Сондай-ақ, Қытай инвесторларымен инвестиция соммасы 21,6 млрд. тг. құрайтын томат зауытын салу жобасы келісілсе, 1 мың га аумаққа қарқынды жаңғақ бауын отырғызу жобасын жүзеге асыру инвесторлар тарапынан келісімін тапты. Аталған жоба бойынша жерді таңдап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, бірнеше инвесторлардың қатысуымен инвестиция соммасы 51,2 млрд. тг. құрайтын 136 га аумақта Шымкент қ. өндірістік жылыжайлар салу жобасын («Тепличный рай») жүзеге асыру жоспарлануда. Ал, Қазығұрт ауданында «Асыл бастау» ЖШС инвестиция соммасы 603 млн. тг. құрайтын құрғақ сүт және сары май шығару зауыты салынуда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*