Шардарада «Алтын белгі» иегерлеріне құрмет көрсетілді

Биылғы оқу жылын шардаралықтар жақсы нәтижемен аяқтап отыр деп айта аламыз. Мектеп бітірген 1008 оқушының 776-сы 21-23 маусым күндері ҰБТ сынағын тапсырмақ. Бүгінгі таңда 46 оқушы «Алтын белгі», 23 оқушы «Үздік аттестат» белгілерін иеленіп, ұстаздары мен ата-ана сенімдерін ақтап шықты.
Сейсенбі, 13 маусым күні «Абай» Мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын белгі» иелеріне құрмет көрсетілген іс-шара өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов құттықтау сөз сөйледі.— Құрметті түлектер, ата-аналар! Сіздерді оқу жылын табысты аяқтап, «Алтын белгі» белгісімен марапатталған қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, мұндай марапатқа қол жеткізу бір күннің, немесе бір жылдың шаруасы емес. Сздер он бір жыл бойына барлық пәнді үздік оқып, өз қатарластарыңыздан оқ бойы озып шықтыңыздар. Ұстаз бен ата-ана сенімін ақтай отырып, алтын ұя — мектептеріңізді «Алтын белгімен» аяқтап отырсыздар. Қазіргі таңда мемлекетіміз жастарымыздың алаңсыз білім алулары үшін тиісті жағдайдың барлығын жасап отыр. Бүгінгі заман талабы – білім беріп қана қоймастан, өзге елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп шығару. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында «Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыздың қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деп атап көрсетті. Олай болса, өскелең жас ұрпақты болшақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әр ұстаздың, оқытушының, тәрбиешінің, қоғамның міндеті. Осы міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан ауданымыздың білім саласының қызметкерлеріне алғыс айтқан болар едім, — деді Бақтыбай Қиянбекұлы.Мұнан кейін «Алтын белгі» иеленген түлектерді сахна төріне шығарып, оларға аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың атынан «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Түлектерге деген ақ тілектерін ардагер ұстаз Махмұд Момынов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева да жеткізді.
Мерекелік концерт соңынан барлық «Алтын белгі» иелері белгілі әнші Мұрат Қоңырбаевпен бірлесе отырып, мектеппен қоштасу әнін орындап шықты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*