Шардаралықтар ұсынған өнімдер шымкенттіктердің көңілінен шықты

Әл Фараби алаңында Шардара ауданының іс-шарасы одан әрмен қарай жалғасын тапты. Мұнда ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Базар нарқынан төмен бағада ұсынылғандықтан тауарды сатып алушылар қатары да мол болды. Көздің жауын алатын киізден жасалған бұйымдарын саудаға шығарған Көксу ауылының кәсіпкері Әсия Жолдыбай жәрмеңке басталмай жатып-ақ 10 мың теңгеге сауда жасап үлгерді.

Сондай-ақ, қала тұрғындары жәрмеңкеге шығарылған әр келісі 120 теңгеден қияр, 150 теңгеден қызанақ, 150 теңгеден сәбіз, 110 теңгеден қауын, 50 теңгеден қарбыз өнімдерін де жапа-тармаға сатып алысып жатты. «Хамит» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мұздатылған балық өнімдерін әр келісін 150 теңге мен 2400 теңге аралығында халыққа ұсынды. Күріштің келісі 170-180 теңгеден, семіз қойдың еті 1200 теңгеден сатылымға қойылса, Қ.Тұрысбеков ауылының ісмер азаматы Бақытжан Керімбеков ат әбзелдерін жәрмеңкеге шығарып, қазақы ерді 35 мың, орыс ерді 10 мың теңгеден пұлдады.Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбайдың айтуынша бүгінгі ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесіне шардаралықтар 5 тонна көкөніс, 5 тонна бақша дақылдарын, 4 тонна ет және балық өнімдерін базар бағасынан төмен нарықта саудаға шығарды.


Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*