700 мыңға жуық халық сапалы ауыз сумен қамтылатын болады

Оңтүстік Қазақстан облысы қарасты Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының 700 мыңға тарта халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы 5 жылда толық шешімін табатын болды.

Бұл айтулы мәселені жергілікті билік Өгем өзенін ауыз су ретінде пайдалану арқылы түпкілікті шешуге бел буып отыр.

Биылғы жылдың 15 ақпанында Қазақстан және Өзбекстан Үкіметі өкілдерінің екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобы осы мақсатта бас қосқан болатын.

Аталған басқосуда Өгем өзенінен көлемі секундына 3-3,5 текше метрге дейін суды бұрып, аталған аудандардың тұрғындарына ауыз су ретінде пайдалану мәселесі қаралды. Көптен бері мазалап келген түйінді мәселе оң шешімін тапты. Ол үшін Қазығұрт ауданының Өгем ауылы тұсынан Өгем өзенінен құбыр арқылы су бұру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Айта кету керек, Өгем өзенінің басым бөлігі Қазақстан Республикасы аумағында орналасып көршілес Өзбекстан Республикасында ішінара орналасқан трансшекаралық өзенге жатады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұдан бөлек, қазір облыста жер асты су қорын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы өңірде су қорын анықтауды қажет ететін 383 елді мекен болса, бүгінгі таңға соның 244-інде іздеу-барлау жұмыстары аяқталған. 2017 жылы 34 елді мекенде, ал 2019 жылға дейін қалған 105-інде тиісті жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Бұл бағытқа 1,6 млрд. теңге бағытталған.

Жалпы 2020 жылға 702 елді мекендерге ауыз су жүйесін жүргізіп, тұрғындардың қамту деңгейін 83,2% жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте ауыз суды тұрғындарға үздіксіз 24 сағат беруге назар аударылатын болады.

Дереккөз: baq.kz

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*