Оңтүстікте киелі жерлердің тізімі анықталуда

Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Қасиетті Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғаниұлымен кездесу өтті.Маңызды кездесудің мақсаты — Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жанғыру» мақаласындағы көзделген мақсаттарды жүзеге асыру болып табылады. Шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы, өңірімізде тарихи-өлкетану жұмыстарымен айналысып жүрген ғалымдар мен жазушылар, өлкетанушылар қатысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жергілікті атқарушы органдарға тапсырылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың өкімімен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында өңірлік комиссия құрылып, олардың жанынан жұмысшы топтары жасақталған болатын. Аталған жоба аясында облыстағы қасиетті, киелі жерлердің тізімі анықталып, олардың өңірлік картасы дайындалды.Қазіргі таңда облысымызда тарихи-мәдени маңызы бар 1281 ескерткіш есепке алынған. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» сәулеттік ескерткіші енгізілген. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы тарапынан аталған тізімге енгізуге ұсынылған 23 ескерткіштің ішінен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 8 ескерткіш кірді. Олар: Жуантөбе, Қараспантөбе, Күлтөбе, Сидақ, Сауран ежелгі елді мекендері, Бөріжар қорымы, Отырар оазисінің ескерткіштері, Түркістан қалашығы. Кездесуде адам көп шоғырланатын киелі мекендер жайын анықтау, насихаттау, терең зерттеу мəселелері сөз болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*