Созақтықтар Есенбек Кенжеқараевтың 70 жасын атап өтті

Созақ аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен, оның ішінде кітапхана қызметінің бөлім басшысы Гүлнар Өмірбектің ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, аудандық телеарнаның алғашқы басшыларының бірі, еңбек ардагері Есенбек Кенжеқараевтың 70 жасқа толуына орай «Менің туған күнім кітапханада» атты мерекелік шара болып өтті.Мерекелік шараны әдеттегідей Гүлнар Есіркепқызы жүргізіп отырды. Аудан жұртшылығы түгел білетін айтулы азамат Есенбек Кенжеқараев көп жылдар аудандық газетті басқарды. Аудандық телеарнада жұмыс жасады. Көптеген жас кадрларды тәрбиелеп шығарды. Аудан халқы ол кісіні құрмет тұтып Есаға дейтіні де сондықтан болса керек. Бұл кештің басқа кештерден өзгешелігі қазақы салт-дәстүріміздің алтын ұясы, алаш дегенде киіз туырлықты қазақ еске түссе, халқымыздың қасиетті қара шаңырағы-алты, он екі қанатты ақшаңқан киіз үйлер еске түсері анық. Міне, сол құтты шаңырақ киіз үй ішінде айтулы шара қызықты және көтеріңкі көңіл күймен өтті. Киіз үйдің бір бұрышында қаламгер шығармаларына арналған көрме ұйымдастырылыпты. Кітапхана қыздары да бұл күні ерекше ұлттық киім киініп кеш ажарын аша түскендей.Кеште мерейтой иесін құттықтап ақын, жазушы Дулат Тұрантегі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Сәрсенбек Теңізбаев, Мақсат Қарғабай, Нұржамал Майусова, аудан әкімдігі тілдерді дамыту орталығының директоры Гүлдана Биғондиева, жастар атынан Жандар Бекбергенұлы сияқты бауырларымыз ақ тілектерін білдірді. Ақындар шабытты жырлары мен толғауларын орындаса, Талғат Жайылхан, Мұхтар Молдабеков сияқты ауданның танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.
Кешті ақын қызымыз Гүлнар Өмірбек тартымды етіп жүргізе білді. Бұрыннан той мен әсерлі кештің шебер жүгізушісі атанған Гүлнар киіз үй ішіндегі кездесуде ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырта отырып, ұлттық мәзірлерімізді де дастархан төріне жайнатып тастапты. Балбырап піскен бауырсақтар мен балдай тәтті қымыраннан дәм ауыз тиген қонақтар қоңыр салқын үйде өткен жылдар белесінен естеліктер айтып, мерейтой иесіне деген ыстық ықыластарын білдірді.
Қаламгер ортасы думанды әзіл, әсерлі ән мен күйге бөленді. Жастар мерейтой иесіне түрлі сауалдар қойса, замандастары қаламгердің естеліктеріне қаныға түсті.
Кеш соңында қонақтар естелікке суретке түсіп, қимай қоштасты. Әр күні мереке мен думанға толы орталық кітапхана алдағы уақытта бізге тағы да қандай тосын сый дайындап отыр екен.
Есенбісің Ес аға,
Бұл Созақта білсеңіз,
Есеуден бар бес аға.
Жетпіс жасқа толдың сен,
Шын тұсауды кес аға.
Ең үлкені Есіркеп,
Қара сөзің саңлағы.
Шежіреге бұлақ-ед,
Ағыл тегіл жан-жағы.
Екіншісі Ескерім.
Ес беретін есті елге,
Байлық қумай, арды ойлап,
Ізі қалған бөктерде.
Атадым мен нешеуін.
Ел біледі бесеуін.
Үшіншісі Ескермес,
Қарақұрда туылған.
Бала жастан қаламы,
Белбеуінде буылған.
Төртіншісі Есенкүл.
Көшербайға немере.
Сағындық ғой ол қызды,
Өзі ауылға келе ме?
Бесінші өзіңсің,
Татымы зор талғамнан.
Сүйек емес жаралған,
Қабырғасы қаламнан.
Бесеуі бір алақан,
Қағатұғын арқадан.
Жетпісіңе бүгінгі,
Жиылыпты барша адам.
Ұстаз болып біздерге,
Жүре бергін, шаршаман.
Келді бүгін құрметтеп,
Ой мен қырдан қанша адам.
Шығармаңыз сән құрған,
Қаратаудың гүл бағы.
Елеп сізді ескерген,
Кітапхана қыздары.
Кенжеқараев келеді,
Қара сөзден май алып.
Сексен, тоқсан, жүзді көр.
Қаламыңды сая ғып.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*