Отырар ауданының әкімі ҰБТ-да жоғары бал жинаған түлектерді құттықтады

Биылғы жыл ауданымыздың білім саласы үшін жетістікке толы жыл болды. Ауданымыз өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 79,4 пайызбен облыста 7 орынға табан тіресе, биыл 84,5 пайызға жетіп, облыстағы үздік үштіктің қатарына еніп отыр. Сондай-ақ, мектептегі қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша 31 оқушы «Алтын белгі» белгісінің иегері атанды.2016-2017 оқу жылының басында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауданымыздың білім саласы қызметкерлеріне білім сапасын арттыру бағытындағы нақты шараларды қабылдап, оны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Аудан мұғалімдері мен шәкірттерінің үздіксіз ізденісі ҰБТ барысында жоғары көрсеткішке қол жеткізуге себепкер болды.
Бүгін 11 жылдық білімін саралап, үздік атанған оқушыларды аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы арнайы қабылдап, кездесуде оқушылармен емен-жақын әңгімелесті.
«Бүгінде жастарымыздың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барынша қолайлы жағдай жасалынған. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салихалы саясатының арқасында балалық шақтан болашаққа қадам басқан жастар еліміздегі және шет елдердегі белді жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыммен сусындауға мүмкіндік туып отыр.
Егемен елдің жалынды жастары ретінде білім нәрімен сусындап, алған білімдеріңізді Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасына сәйкес туған жердің өсіп-өркендеуіне жұмсауларыңыз қажет. Барлық мамандық иелерінің негізгі мақсаты «Алтын кадр» қорына ену болу керек. Сонда ғана туған елдің туын тіктеп, еңсесін биік ұстайтын боламыз. Еліміздің кемел келешегі үшін Сіздердің болашаққа басқан қадамдарыңызға сенім білдіре отырып, барша түлектерге сәттілік тілеймін», — деді аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы.
Талай сыннан сүрінбей өткен түлектерге аудан басшысы туған жердің тарихын танып, білу мақсатында киелі Отырардың ерекшеліктері жөнінде сауал жолдады. Тосыннан қойылған сұраққа мүдірмей жауап берген Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп — гимназиясының оқушысы Ұлдана Талғатқызы аудан әкімінің арнайы сыйлығын жеңіп алды.
Өз кезегінде «Алтын белгі» иегерлері құрмет көрсеткен аудан басшысына алғыс сезімін білдіріп, ел сенімін ақтап, үлкен өмірде қоғам үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Білім бәсекесінде ауданымыздың атын асқақтатқан түлектерге аудан әкімі арнайы сый-сияпаттар жасады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*