Жаушықұмдық жастар қарбыз егіп пайдаған кенеліп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылының жастары үшін жұмыссыз қарап жату деген жат тірлік. Әсіресе, диқаншылықты жанына жақын тұтқан жас жігіттер қыс аяқталысымен-ақ егістік алқапқа шығып, қарекетке кіріседі.  Биыл ауылдағы 15 белсенді жас өзара бірлесіп, егіс бригадасын құрды.  Сөйтті де теңіз жағасындағы бос жатқан жерді жыртып, жамылғы астына қарбыз екті. Нұрсұлтан Есенбеков бастаған белсенді жастар бригадасы кешегі аптада алғашқы өнімді жинап, сатылымға шығарды.«Біраз жылдан бері қарбыз егумен айналысып келеміз. Тер төге білсең – жер ана несібесін аямайды. Біз өнімді сапалы әрі ерте шығаруға тырысамыз. Сондықтан болар қарбызымызға сұраныс жақсы. Өзбекстандық Рустам Мамедов есімді азамат жыл сайын тұрақты алушымыз. Ол бізден сатып алып, ары қарай Ресейге жол тартады. Биылғы табысымызға кәсібімізді одан әрі дамыту жоспарымыз бар. Алдағы уақытта ауылдан жылыжай ашып, қызанақ, қияр секілді өнімдермен тұрғындарды қамтамасыз етсек деп отырмыз», — дейді Нұрсұлтан Есенбеков.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*