ОҚО-да Қытайлық кәсіпкерлер салатын екі зауыттың құрылысы биыл басталмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуге қытайлық делегацияны бастап келген Сианжун Цао мырза негізгі екі бағытта зауыт құрылысын бастауға мүдделі екендіктерін жеткізді. Осы ретте шетелдік инвесторларды оңтүстік өңіріне арнайы шақыртқан елімізге белгілі кәсіпкер Серікжан Сейтжановтың да еңбегін атап өткен жөн. «Біз Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі екі бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі – биоэтанол өндіру ісі, ал екіншісі фосфор қалдықтарын қайта өңдеуден өткізу. Егер екіжақты келісімдер орындалып жатса, екі зауыттың құрылысын тезарада бастауды жөн көріп отырмыз», — деді Сианжун Цао мырза. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары артып келеді. Ғылым тілімен айтсақ, биоэтанол дегеніміз техникалық абсолюттендірілген спирт құрамы 99,9 градусты құрайды. Аталмыш жаңа отын түрі жанар-жағар майға қарағанда, ауаны ластамайды және парниктік газдарды да бөлмейді. Бір сөзбен айтқанда адамзат баласына да, қоршаған ортаға да зиянсыз отын. Қытайлық инвесторлар биоэтанол өндіру ісінде оңтүстікқазақстандық жүгері мен бидай, арпа қалдықтарын пайдаланбақ. Бұл өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық саласын дамытудың ерекше жолы болмақ.

Шетелдік инвесторлардың екі жобасына да қолдау білдірген Жансейіт Қансейітұлы тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.  Тиісті құжаттарды тездетіп әзірлеп, қажетті жер телімдерін бөлуді және де екі зауыттың да іргетасын биыл қалауды тапсырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*