Мақтааралда су тапшылығы жойылды

Мырзашөл өңірін ең ірі мақта өсіретін аймаққа айналдырған «Достық» каналының арнасынан биыл су кеткен жоқ. Бастауын Өзбекстаннан алатын каналдан келетін су бұған дейін жаз ортасында мақтаралдық диқандарға жетпей, шаруалар шаш етектен шығынға батып, төккен терлері текке кететін.Мақтаарал ауданында 136 мың гектар суармалы жер бар. Биыл ақ алтын алқабының көлемі біршама ұлғайтылып 94 мың гектар жерге мақта егілген. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов жылдың басында журналистерге берген брифингте «Мақтааралда биыл су тапшылығы болмайды!» деп мәлімдеме жасаған еді. Кейіннен өңірдегі коллекторлық жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, тік дренажды ұңғымалар жарақтандырылды. Сол жұмыстардың арқасында ауданның су жүйелері ретке келіп, су тапшылығы жойылды. Сонымен қатар, су мәселесінің шешілуінде қазақ-өзбек қарым-қатынасының жандануы да өз нәтижесін беруде.  

«Жаздың шілде-тамыз айларында су тапшы болып, өзімізге тиісті суымызды 50 пайызға дейін ала алмай жүрген жылдар болды. Осы жұмыс қолға алынып, бірталай іс-шаралар жасалынды. Соның нәтижесін көріп отырмыз. Қазір өзімізге тиісті суды толығымен алып жатырмыз.  Мақтааралға «Достық» трансшекаралық каналынан секундына 100 текше метр су түсіп жатыр. Бекітілген кесте бойынша 1 миллиард 116 миллион текше метр тіршілік нәрі алынады. Бұл суару маусымына және көктемгі сорды шаюға жеткілікті болады» —  дейді «Қазсушар» РҚМ ОҚОФ директорының міндетін атқарушы Толқын Балпиков.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*