МАҚТАРАЛДЫҚ 150 ОҚУШЫ «EXPO-2017» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНЕ АТТАНДЫ

Жетісай қаласының орталық алаңында мақтаралдық 150 оқушыны Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO-2017» көрмесіне аттандыру рәсімі өтті. Іс-шараға арнайы аудан әкімі Ғ.Исмаилов қатысты.«Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жастарымыздың сапалы білім алуымен қатар, туған жерді сүюге тәрбиелейтін жобалардың көп болуын айтқан болатын. Бүгін балаларымыз аттанғалы тұрған сапарда туған жеріміздің тамаша табиғатымен, еңселі Елордамыздың ең жақсы жерлерімен етене танысып, бойларына мақтаныш сезімі орнайтынына сенімдімін! «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын» деген жақсы сөз бар. Президентіміз сіздер үшін талай игі істерді істеп, мемлекеттің болашағы тікелей сіздерге байланысты екендігін үнемі қайталаумен келеді. Сондықтан, Елбасының, еліміздің сенімін ақтап, болашақта Қазақстанның туын ұстар мықты азамат боп өсе берулеріңізге тілектеспін!» — деді аудан әкімі Ғ.Исмаилов.Айта кетейік, саяхат мерзімі 5 күнге дейін созылады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген оқушыларды көрмеге алып бару үшін аудандық бюджеттен 5 миллион 800 мың теңге қаржы бөлінген, яғни әр оқушы 38 мың 400 теңгеге саяхат жасайды. Оқушылар «EXPO-2017» көрмесінен бөлек, «Бәйтерек», «ҚР Ұлттық мұражайы», «Думан» ойын-сауық орталықтарына барып, еңселі Елордамыздың ең көрікті жерлерін аралайды. Олардың қауіпсіздігі үшін аудандық Білім бөлімінің 2 маманы, 3 педагог-психологтар, 7 тәрбиеші, 3 медицина қызметкерлері де бірге аттанды. Оқушылардың түнеуі үшін Астана қаласындағы «Нұр Орда» мектеп-лицейінің «Дастандық» жатақханасымен келісім жасалған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*