Мақтааралдық 150 оқушы «ЭКСПО»-дан оралды

Мақтарал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 150 оқушы Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO-2017» халықаралық көрмесін тамашалап қайтты. Жетісай қаласының орталық алаңына келіп түскен балалар саяхатта көрген әсерлері туралы журналистермен бөлісті.«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қатысты көптеген мәселелерді айтып өтеді. Міне, соның бір бөлшегі ретінде мақтаралдық 150 оқушыны Елордамызда өтіп жатқан «EXPO-2017″ халықаралық көрмесіне саяхаттатып келдік. Еліміздің түрлі жетістіктері туралы айтып, ұшқан құстың қанаты талатын жерімізді көрсетіп, сүйсіндіріп, бойларына кішкентай болса да отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту — іс-шараның басты мақсаты болатын. Жалпы, қолмен ұстап, көзбен көргенге жетпейді ғой, сол сияқты теориялық емес практикалық түрде өздерінің елін, өлкесін танысын деген ізгі ниетпен осы жобаны қолға алдық» — деді аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков.Жалпы, 5 күнге созылған саяхатта оқушылар «Бәйтерек», «ҚР Ұлттық мұражайы», «Думан» ойын-сауық орталықтарына барып, Астана қаласының ең көрікте жерлерін аралады. Балаларын сағынып, оларды құшақ жая қарсы алған ата-аналар аудан әкімі Ғ.Исмаиловқа өз алғыстарын жеткізді. «Болашақтың энергиясы» туралы көптеген мағлұматтарға қанық болған оқушылар көрген-білгендері туралы журналистерге әңгімелеп берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*