Созақта өткен «Менің Қазақстаным» ән байқауының жеңімпаздары марапатталды

Сырлы әнімен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтің атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының бірінші кезеңдеріне облысымыздың аудан, қалалары мен оқу орындарынан 15-29 жас аралығындағы 100-ге жуық үміткер қатысып, ақтық кезеңге 26 үміткер жолдама алған болатын. Байқауда композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі Арыстанбекұлы қазылар алқасына төрағалық етсе, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық опера және балет театрының директоры Нұрмағанбетов Әбдіхан Бескемпірұлы, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, ОҚО композиторлар қауымдастығының төрайымы, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, композитор Сәтмұхамбетова Құралай Шайзадақызы, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Тайжан Бахтияр өнер додасына төрелік жасады.
Қазылар алқасының шешімімен Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық əн байқауының бас жүлдесін Шымкент қаласынан «Сарын» тобы иеленді.
Бірінші орынға Созақ ауданынан Жұмашева Ақерке лайық деп танылса, екінші орынмен шардаралық Қожаназарова Қаламқас марапатталды. Шымкенттік үміткер
Әлжан Нұрлыбек үшінші орынды иемденді.Оңтүстік Қазақстан облысының əкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының арнайы жүлдесімен шымкенттік «Арбат» тобы, Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Жеткербаев Роберт, «АҚМАҢДАЙЛЫМ» жүлдесімен Мақтарал ауданынан Қалдыбай Малика,
«АҚСҰҢҚАРЫМ» жүлдесімен Шымкент қаласының қатысушысы Әлімханов Санат, «Бәрінен де сен сұлу» жүлдесімен Созақ ауданынан
«Шабыт» квинтеті, «Ең жас орындаушы» жүлдесімен Бəйдібек ауданынан Сыдықов Асан марапатталды.
Созақ аудандық «Достар» орталық стадионында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен гала-концертке облыс əкімінің орынбасары Сəдібеков Ұласбек Сəдібекұлы қатысып, ұлы композитор атын ұлықтайтын дүбірлі тоймен құттықтап, байқаудың бас жүлде және бірінші орын иегерлеріне Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестиваліне қатысуға жолдама табыстап, облыс намысын қорғайтындықтарына сенім білдірді.
Гала-концертке елімізге танымал эстрада əншісі Жұбаныш Жексенұлы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының әншілері, Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы қатысып, өнер думанын асқақтатты.
Байқау аясында «Мыңжылқы» аудандық мәдениет сарайында «Теріскей, айналайын келбетіңнен…» көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*