Мақтааралдықтар 200 мың тонна мақта жинауды көздеп отыр

Мақтааралда өткен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Жиын-терімге дайындық, мақта қозасын сапалы дефолиациялау және оны минералды қоректендіру мәселелері бойынша» семинар-кеңесінде мақтаны бір жүйек бойына екі қатар етіп егу тәжірибесі де диқандарды қызықтырды. Сондай-ақ шаруаларға «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсірудге тиімді әсер ететіні жан-жақты түсіндіріліп, көрсетіледі. Тиісті сала мамандары шаруаларға дефолианттарды тиімді қолдана білудің әдіс-тәсілдерін айтып, пайдалы кеңестер берді. Мәселен, осы жылы 2 қыркүйек күні қозаға шашқан «Дробь-пльюс» пен «Авгурон-экстра» химикаттары өте жақсы әсер еткен. Жапырақтар көктей жерге төгіліп түскен. Көсектерге күн жақсы тиген соң тезірек ашылып жатыр. Көптеген шаруалар дефолиацияның пайдасын білмейді. «Мақта салмақ жоғалтады» деп оны жасаудан қашады. Көк көсектер күзде үсік шалғанда бір-ақ ашылады. Ондай мақтаның сапасы да болмайды.Бұдан соң семинар-кеңес жиынын ашып, сөз сөйлеген аудан әкімі Ғ.Исмаилов Оңтүстік өңірдегі мақтаның басым бөлігін өсіретін мақталы ауданда қол терімнің басталғанына оншақты күн болғанын айтты. Биыл мақтааралдықтар 94,1 мың гектарға мақта өсіріп, одан 200 мың тоннаға жуық өнім жинап, гектар өнімділігін 21-22 центерге жеткізуді межелеп отырғанын жеткізді.

«Ендігі басты мақсат — осы өсірілген өнімді жауын-шашынға ұрындырмай қысқа мерзімде жинап алуымыз қажет» — деді Ғ.Исмаилов.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*