Бүгінге дейін несие серіктестіктері арқылы шаруаларға 241 миллиард займ берілген

Оңтүстікте 200-ге жуық адамның басын қосқан «Кредиттік кооперация. Ерекшелігін біл!» атты  халықаралық форумға кредиттік серіктестіктер, «ҚазАгро» Холдингі, «Атамекен» ҰКП мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты. Бұдан өзге, Ресей мен Литвадан арнайы келген кредиттік кооперация жетекшілері де бар. Айта кетейік, еліміздегі кредиттік серіктестіктердің даму тарихы сонау 2001 жылдан бастау алады. Кредиттік серіктестік институты құрылғалы бері, 16 жыл ішінде олардың саны 187-ге жетті. Алғаш құрылған кезде қатысушылардың саны 800-ден аспаған болса, қазіргі таңда кредиттік серіктестік қатысушыларының саны 15 600-ді құрап отыр.  Осы уақытқа дейін несие серіктестіктері арқылы шаруаларға 241 миллиард теңгенің 40 мыңнан астам займы берілген. 

Форум аясында «Кредиттік серіктестіктердің даму стратегиясы: қаржы институты ретінде кредиттік кооперацияның болашағы», сондай-ақ кредиттік серіктестіктер үшін сервистер мен қызметтер жайы талқыланды. Несиелік серіктестік өкілдері әсіресе Ресей және Литвадағы кредиттік кооперация институттарының даму тәжірибесіне қызығушылық танытты.    

Форум аясында «АӨК кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Литваның кредиттік одақтар қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Яғни, көрші елдердің кооперативтік бауырластығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асып отыр. Форум соңында үздік кредиттік серіктестік өкілдері арнайы дипломдармен марапатталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*