Мереке мақсаты – бірлікті нығайту

Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында Қазақстан халқының тілдері күніне орай кеше бастау алған мерекелік іс-шара жалғасып жатыр.
Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары мен киімдер көрмесін ұйымдастырып, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны көпшіліктің назарына ұсынды. Мерекелік шара өңіріміздегі түрлі этностардың қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы пен ақеділ шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті бой түзеген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастау алды. Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары Н.Жолдасов қатысып, қоғамдық келісім мен елдің бірлігі мемлекетіміздің басты байлығы екендігін атап өтті.Мерекелік жиында ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты және қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға арнайы алғыс хаттар табыс етілді.
Елдегі тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мақсатында өткен шараға Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мүшелері, өзбек этномәдени бірлестігінің аудан, қалалардағы филиалы басшылары мен өкілдері, өзбек халқының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*