ЗАҢДЫЛЫҒЫ ЗЕРДЕЛЕНІП, ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛАДЫ

Бүгін аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Рашид Қайыпжанов алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Темірлан ауылының тұрғыны, 25 жасар Бейбіт Тасболатұлы жоғарғы оқу орнын бітіріп, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Алайда, әлі күнге мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай келеді. «Қандай жұмыстан да, қашпаймын. Тек тұрақты болса игі еді» деп жеткізді өтінішін жас маман. «Ұлы дала Нұры» газетінің бас редакторы Асқар Омарханов мақта зиянкестерімен күресетін тың әдісін назарға ұсынып, бұл тәжірибені шаруалар арасында таратуға көмек сұрады. Бөржарлық зейнеткер, 10 баланың анасы Тынығай Ырысбекова үйіргелік жер ала алмай келетінін алға тартты. Төрткүлдік Сәкен Қонысов жер мәселесі шешілсе, балық шаруашылығын ашып, дамытуға ниетті. Шымкенттен келген Галина Досбаева Мақташы ауылындағы ата-анасының баспанасын құжаттандыруда келеңсіздіктер кездескенін, осы түйткілді тарқатуға аудан басшысының көмегіне жүгінуге мәжбүр екенін тілге тиек етті. Ал, Қараспан ауылының имамы Сағынғали Алым құбырлы ауыз судың ластанып, жұртты әбігерге түсіргенін айтты.
Рашид Үсіпханұлы көтерілген мәселелерді зерделеп, Заң аясында шешуді орынбасарлары мен тиісті сала басшыларына жүктеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*