ОҚО-дағы серіктестік жылына 50 миллион дана минералды су шығарады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Шымкенттегі «Рауан» ЖШС компаниялар тобында болды.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы бүгінде ел нарығында минералды сулар мен шырындар шығару жұмыстарымен танылған «Рауан» ЖШС-нің еншілес компанияларының жұмысымен танысты. Зауыттарды аралау кезінде әкім компания басшылығына өнімдерді нарықта саудалау мен оны жеткізу ісінде сапалы жұмыстардың жасалу қажеттігін айтып, серіктестік жұмысын оң бағалады.

Мұнан соң, Ж.Түймебаев серіктестіктің Шымкенттегі Алтынтөбе елді мекенінде орналасқан «АгроНурАзия» компаниясында болды. Ондағы балық аулау, балық өсіру және сол арқылы демалыс ұйымдастыру кешенді орталығында биыл аквабақ салу жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ, болашақта мұнда сауда-логистикалық орталығын салу көзделіп отыр.

Шағын ғана мекенде осынша жұмыстардың атқарылып жатқанына қаныққан аймақ басшысы серіктестіктің аталған жобаларды қаржыландыру мәселесіне әкімдік тарапынан жан-жақты қолдаудың болатынын жеткізді. Шағын және орта бизнес пен туризмді дамыту ісіне өңір азаматтарын көптеп тарту қажеттігіне тоқталған әкім бұл ретте, мемлекет тарапынан түрлі жеңілдетілген бағдарламалардың түзілгенін айтты. 

Айта кету керек, «Рауан» ЖШС компаниялар тобы 1998 жылы құрылып, Қазақстан нарығында 18 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Компанияның негізгі жұмыс бағыты алкогольсіз сусындар мен шырын және минералды сулар шығаруға бағытталады. Бүгінде өңірімізде сусындар мен минералды сулар шығаратын үш ірі жоғары технологиялы зауыты бар серіктестікте жылына 50 млн. дана дайын  өнім шығарылады.

Мұнан бөлек, компанияның балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытына машықтанған «АгроНурАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен айына 2 млн. дана кірпіш шығаруға қауқарлы «Рауан-7» ЖШС зауыты бар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*