Төле би ауданының ардагерлері Отырарда қонақта болды

Төле би ауданының бір топ ардагерлері мен «Батыр аналары» ауданымызға арнайы келіп, Отырар төбе қалашығында болып, Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, әруақтарға арнап құран бағыштады. Мәртебелі қонақтарды Арыстан баб кесенесінен аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы күтіп алып, қонақтармен бірге Арыстан баб кесенесінің жанында орналасқан Сұлтан Бейбарыс пен әлемге әйгілі дара ұстаз Әбу Насыр әл Фарабидің топырағы әкелініп жерленген қасиетті жерді аралап, әруақтарға арнап құрбан шалды. «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бастамасымен, Төле би ауданының мәслихат депутаты Талғат Манкеевтің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шара барысында аудан әкімі қонақтарға Отырар өлкесінің және Отырар қала жұртының тарихымен жан-жақты таныстырды.  Төле би ауданы, Жаңа тұрмыс ауыл округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейірбек Байтасов: «Бүгінгі шараны ұйымдастырып, облысымыздағы тарихи орындарды көрсетіп, аралатып жүрген азаматтарға мың алғыс. Отырар ауданының әкімінің өзі бізге уақыт бөліп, ерекше сый-құрмет көрсетіп, үлкен азаматтық танытқанына дән ризамыз. Киелі жердің тарихымен өзі таныстырып жүрген Ерлан Қуанышұлына еңбегіне табыс, еліне ынтымақ-береке тілейміз»- деді.
Келген қонақтарға арнап ақ дастархан жайылды. Аудан әкімі «ниеттеріңіз қабыл болсын» деген ниетпен отырарлық қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындылары кәде сыйлар мен жерлесіміз Көпен Әмірбектің «Шәмшінің әндері мен әзілдері» атты кітабын сыйға тартты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*