ОҚО-да «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері әліпбидің біріңғай стандартын талқылады

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік тілді латын қаріпіне көшіру және әліпбидің біріңғай стандарты  талқыланды.

Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Нұрмахан Жолдасовтың айтуынша, латын қарпіне көшу мәселесі — ұлтымыздың асыл тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған шара.

— Мұндай аса маңызды тарихи оқиғаға ғылыми қағидаттарға сүйену, қазақ жазуын жаңғырту кезеңдерін жоспарлау тұрғысынан қарау шешімі қабылданып отыр, яғни оны кезеңдестіре, жоспарлы, жүйелі, әдістемелік жағынан салыстыра,  асығып-аптықпай және науқаншылдыққа бой алдырмай жүргізген абзал. Мемлекет бұл процестің өтуін қиындатпау мақсатында және еліміздің әрбір азаматы үшін барлық қажетті шараларды қолына алады, — деп сөзін түйіндеді.

«Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Айгүл Қапбарова көптеген жылдар бойы кириллица алфавитін қолдану орыс тілінің ана тілімізге сөзсіз әсер еткен, деген ойды ортаға салды.

— Мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың барлығы да қазақ тілін дұрыс айтпайды. Қазіргі таңда «қ», «ң» сияқты дыбыстарды дұрыс айта алмайтын жастарымыз өсуде. Бұл жайттарға кириллица алфавитінің рөлі айтарлықтай. Осыған байланысты, латын әліпбиіне көшу уақтылы. Менің пікірімше, латын әліпбиіне көшу мәселесіне мұқият қарау керек және тілдің барлық ерекшеліктерін ескеру қажет», — деді ол.

— Диграфияны пайдалану мәселесі тереңірек зерттеуді қажет етеді. Диграфты пайдалану  әлемдік тәжірибе. Мысалы, олар неміс тілінде қолданылады. Жаңа жазбаша тілге көшу кезінде түркі әлеміне одан әрі ықпалдасу мәселесін де ескеру қажет, — деді «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы  Мархабат Байғұт

Іс-шара барысында қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған 25 әріпті одан әрі дамыту, басқа түркі әліпбиімен ұқсастықты ескеру, тағы да басқа ұсыныстар мен идеяларымен бөлісті. Кеңес мүшелері қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуін қолдай отырып, барлық Қазақстандықтарды және әрбір тұлғаны Елбасының болашақ ұрпақтың қамы үшін жасап жатқан іс-әрекетін  қолдауға шақырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*