Шардарада өндірілетін балық көлемі 30 пайызға артпақ

Шардара ауданындағы үдемелі индустриалды – инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорын жылына 600 тонна балық өндіреді. Қазір өндіріс орнында 30 адам жұмыспен қамтылған. «Саодат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шағалалы аймақта балық өңдеумен айналысатын төртінші кәсіпорын. Өндіріс орнын ашу үшін кәсіпкер әуелі 58 млн. теңге қаржы шығындады. Істі ілгерілету үшін мемлекет қолдауына да иек артты.Сөйтіп, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялар орталығы арқылы 42 млн. теңге несие алды. Бүгінде балық өңдеу зауытына Арал, Көксарай мен еліміздің батыс аймақтарынан да тонналап шикізат жеткізіледі. Одан мұндағы мамандар филе, мұздатылған және ысталған балықтың түр-түрін өндіреді. Зауыт жұмысының ерекшелігі сол, қалдықсыз технологияны басшылыққа алған. Өнімі сапалы Шардара балығының 70 пайызы Еуропа елдеріне экспортталуда. Кәсіпорын алдағы уақытта балықты өздері өсірмек. Айту керек, Шардарадағы бұған дейін ашылған «Хамит», «Шардара балық-1» және кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыттары былтыр 4 мың тоннаға жуық 3 млрд. 2 млн. теңгенің балығын өңдеген. Ал, «Саодат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуымен биыл бұл меже тағы 30 пайызға артатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*