Шымкенттің орталық стадионына жарық шамдары орнатылды

Биыл пайдалануға берілгеніне 50 жыл толатын ерекше сәулеттiк нысандардың бірі –Қажымұқан атындағы орталық стадионның жарықшамдары жаңартылып, спорт жанкүйерлерін қуантып тастады.Алдағы уақытта спортсүйер қауым футбол ойындарын кешкі уақытта да тамашалай алады. Бұл туралы «Ордабасы» футбол клубының баспасөз қызметi хабарлады.

Жарық мәселесі жергілікті командалардың өз алаңындағы ойындарын өткізуге көп кедергі жасағаны белгілі. Тіпті, Қазақстанның футбол лигасы орталық стадионда ойындар өткiзуге тыйым салған болатын. Енді міне, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 204 млн. теңге қаржыға сапалы жарықшамдар орнатылып, электр жүйелері жаңғыртылды. Жаңа жарықшамдар бір мезетте бес түрлi жарық бере алады.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі үшінші ірі стадионның жарық қондырғылары елу жылдан бері алмастырылмаған екен. Енді ЕУРО талаптарына сай, яғни италиялық заманауи электр қондырғыларымен жабдықталды. Жарықшамдардың жарық беру қабілеті жаттығу жұмыстарына, ресми ойындарға және телетрансляциялы ойындарды тамашалауға мүмкіндік береді.

Бұл стадионда футбол ойындарынан басқа республикалық дәрежеде ауқымды iс-шаралар, концерттiк бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай мерекелердiң орталығына айналған стадионда ендi кешкi уақытта да самаладай жарқыраған жарықтың арқасында шаралар өтетін болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*