ОҚО әкімі 9 ардагер ұстаз бен 26 мұғалімді алғыс хатпен марапаттады

Ұстаздар күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы 9 ардагер ұстаз бен 26 мұғалімді алғыс хатпен марапаттады.«Бүкіл ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтаймын! Бізде білім беруге барлық жағдай жасалған. Мүмкіндіктер қарастырылған. Балабақшалар да, мектептер мен колледж, жоғары оқу орындары да жеткілікті, — деді ардагер ұстаз Сайлакүл Барахова. — Мықты мамандарымыз да бар. Тек енді жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп шықсақ болғаны. Әрине, ұстаз болу оңай емес. Балаларды да оқыту керек, сапалы білім беру үшін өзің де оқу керексің. Дегенмен, білім министрлігін басқарған азамат облысымызды басқарып отырғанда жаман жұмыс істеуге құқығымыз жоқ» — деп қосты Сайлаукүл Жапбарқызы.

Айта кетейік, бүгінде ОҚО-да 638 мың оқушыға 70 мыңға жуық мұғалім сабақ береді. Облыс деңгейіндегі білім саласында ілгерілеушілік бар. Өңірдің дарынды оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында жүлдегер атануда. Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадада облыс командасы бірнеше жыл бойы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы мен I, III жүлделі орындарды иеленді. Биылғы тамыз кеңесінде тәжірибелі ұстаздарға пәтер кілттері мен білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттары, құрмет грамоталары тапсырылды. Сонымен қатар Мақтаарал ауданындағы «Дарын» мектеп-интернаты мен Қазығұрт ауданындағы Ж.Қаппаров атындағы физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернаты республикадағы ең үздік білім ұйымдарының ондығына енді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*