«Ордабасы», «Ақжайықтан» айласын асырып, қола жүлдеге бір қадам жақындай түсті (видео)

Футболдан Қазақстан премьер лигасының 29 турында Оңтүстік Қазақстан облысының «Ордабасы» командасы, Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» командасын қабылдаған болатын. Турнир кестесінде үшінші орында келе жатса да соңғы екі ойынды сырт алаңда сәтсіз өткізген «Ордабасының», бұ жолы өз жанкүйерлері алдында тіпті тең ойын көрсетуге қақы жоқ еді.

Ә, дегеннен ойын бастала қарсылас қақпасына лап қойған оңтүстік командасы діттегеніне жете алмай әуре болғаны рас. Дегенмен, ойынның 38 минутында батысқазақстандықтар өз айып алаңдарының алдында, жазғы маусымда «Ордабасының» сапына келіп қосылған Колумбиялық футболшы Рохер Каньясты құлатып ойын ережесін бұзды. Алғашында әккі ойыншы Самат Смақов ала допты айналшақтап тұрғанда, «бұл қорғаушы Мардан Төлебек талай қақпашыны қапыда қалдырып жүрген нүкте еді ғой» деп ойлағанбыз. Сөйтсек, Саматтыкі алдамшы әрекет екен. Смақов допты тебуге ыңғайлана бергенде, Мардан көз ілестірмес жылдамдықпен келіп допты алдында қорғаушылардан құралған қабырғаның үстінен асыра жойқын соққымен қақпаға жіберді. Гол! Иә, «Ақжайық» қақпашысы күшті соққымен қақпаға енген допқа қол созып та әуре болғысы келмеді.Алайда, жанкүйерлердің көпті көңілі сейіліп, қуанышқа толғаны сол еді, ойынның 46 минутында «Ақжайықтың» Нигериялық ойыншысы Майкл Одибе есепті теңестіріп, қос команда 1 таймнан кейінгі үзіліске кетті.Ал,  екінші кезеңнің 50 минутында «Ордабасы» шабуылшысы Азат Нұрғалиев, стандартты жағдайдан допты батысқазақстандықтардың қақпасына қарай әуелеткен допты Сербиялық Срджан Вуяклия қақпаға бағыттап, оңтүстікқазақстандықтарды алға шығарды. Мұнансоң, «Ордабасы» ойынды өз қолына алғандай болған. Бірақ, кездесудің 73 минутында  «Ақжайық» қарымта шабуылға шығып, нәтежиесінде қарсыластың Хорватиялық қорғаушысы Денис Главина айып алаңының ішінен қақпаға күшті соққы жасап есепті теңестірді.Десе де, «Ордабасы» ойыншылары өздеріне бұл ойыннан қайтсе де, 3 ұпай алу керектіктерін жақсы білетін. Сондықтан, олар қарсылас қақпасына шабуылды үдетіп, бірнеше мүмкіндіктен мүлт кетіп жатты. Сондай керемет сәттердің бірі ойынның бітуіне саналуы минуттар қалған кезде, яғни 90-минутта «Ақжайық» қорғаушыларынан қайтқан допқа орталықұ алаңнан Еркебұлан Тұңғышбаев бірінші жетіп, алдындағы қорғаушылардан айласын асыра «Ақжайық» қақпасының оң жақ қапталынан құйындай жүйіткіп келіп, ортаға пас ұзатты. Бұл сәтте «Ордабасының» Болгариялық шабуылшысы Преслав Иорданов Еркебұланмен  жанама жүгіріп келіп, оның ұзатқан добына, қорғаушыдан бұрын аяғын қойып үлгерді. Гол! Есеп 3-2. тартысқа толы кездесуде «Ордабасының» асығы алшысынан түсіп, өз ойынымен жанкүйерлерін сүйсінте білді. Осы жеңісінің арқасында, турнир кестесінде өзін 4-орында кележатқан Павлодардың «Ертіс» командасынан 11 ұпайға көп жиып, қола медальға жақындай түсті!

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*