Жаңа реформа Заңға өзгеріс енгізуді қажет етеді

2018 жылы еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына жаңа реформа енгізілмек. Аталған жаңалық Елбасының биылғы халыққа Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту бойынша берген тапсырмасын орындауды көздейді. Бұл туралы бүгін Еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің кезекті отырысында хабарлады.

сурет forbes.kz сайтынан алынды

Аталған реформа аясында «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін Заң жобасы ұсынылды. Бұл бастаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып даярлаған.

Аталған заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аясында елімізде электронды еңбек биржасын қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл дегеніміз, азаматтардың түйіндемелері мен жұмыс берушілердің бос орындар туралы ақпараты бірыңғай базаға жинақталатын болады. Мұндағы артықшылық арқылы мемлекеттік және жекеменшік жұмыспен қамту орталықтары туралы деректер ашық ғаламторда кез-келген азаматқа қолжетімді болмақ. Яғни жаңа электрондық алаң, азаматтар мен жеке жұмыс беруші агенттіктерге интернет-порталдан тегін ақпарат алуға мүмкіндік жасайды.

Тағы бір маңызды жайт, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту ісіне жекеменшік сектор да үлес қоспақ. Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіптік қайта даярлау, оқыту және жұмысқа орналастыру міндеттері мемлекеттік және жекеменшік аутсорсинг жүйесімен конкурс арқылы жеке секторға берілетін болады.

Осы ретте айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 46 жекеменшік жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*