ОҚО-дағы Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналмақ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ханқорған қалашығында алдағы уақытта толық археологиялық қазба рестоврация және консервация жұмыстары жүргізілмек. Аталмыш жұмыстар атқарылғаннан кейін қалашық ашық аспан астындағы музейге айналатын болады. Бүгін бұл туралы Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығының басына көтерілген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.«Біздің ғалымдардың зерттеуінше Ханқорған қалашығы 3 кезеңнен өткен. Моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңдерде бар. Абылайхан да осында кеп тоқтап, осы жерде қайтыс болған. Сосын осы жерден алып барып, Түркістанға жерлеген. Яғни, бұл қалашықтың құпиясы көп. Қазіргі жағдайда, әсіресе мына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан кейін еліміздегі осындай қасиетті жерлерге үлкен ұқыптылықпен қарауымыз қажет. Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай қалашықтар көп. Сидақ қалашығы немесе Әл Фараби туылған Оқсыз қалашығы Түркістанның айналасында да осындай 4-5 қалашық бар. Яғни, осы Сайрам, Исфиджаптан бастап, сонау Сауран, Сығанаққа дейін орта ғасырларда көптеген қалалар болған. Бірінен-біріне ұласып жатқан қалашықтар болғаны тарихтан белгілі»,-деді өңір басшысы.Сонымен қатар, Жансейіт Қансейітұлы Ханқорған қалашығының әлі де ашылмаған құпиялары көп екенін айтып, өтті. Елбасы мақаласының арқасында қалашықты жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Себебі, Ханқорған секілді өңірдегі қалашықтардың облыстық ғана емес, республикалық, халықаралық маңызы бар. Сондықтан, тарихи жердің жан-жақты жобасы жасалып, ішкі, сыртқы туристер зиярат ететін орынға  айналдырмақ.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*