Жетісайда Исрайл Сапарбайдың «Тәңірінің құлдары» драмасы сахналанды

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақын-сазгер, драматург, тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының және Мақтарал аудандарының Құрметті азаматы Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойы аясында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында ақынның «Тәңірінің құлдары» поэтикалық драмасының премьерасы қойылды.Бұл кеште Исраил Сапарбайдың өзі арнайы қонақ болып, театр әртістерінің өнерін тамашалады. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов бастаған аудан басшылары, ақынның оқырмандары, ұстаздар қауымы, оқушы және студент жастар, облыстық, аудандық көлемдегі ірі тұлғалар кештің көрермендері болды.

«Тәңірінің құлдары» драмасы Гүлдана есімді ауыл қызының білім қуып қалаға келген өмір жолымен басталады. Гүлдана Сәндігүл атты апайдың пәтерін жалдап тұрады. Үй иесінің де Гүлданамен жасты Жан деген жалғыз ұлы болады. Жалпы, ары таза, жаны пәк ауыл қызы Гүлданаға Сәндігүлдің көзі түсіп, алдағы уақытта ұлына алып беріп, келін қылып алғысы келетіндігін іштей сездіріп жүреді. Бір күні кешке Жан анасынан ақша сұрайды. Анасы ақша береді. Жан қасына Гүлдананы да ерте кетеді. Содан екі жас түлен түрткендей түнгі клубтардың біріне барып көңіл көтермекші болады. Сөйтіп жүргенде Гүлдана қаланың қара жынына айналған Қаражанның құрығына түсіп, жіпсіз маталады. Жан қанша жерден жанқиярлық етсе де болмайды. Қаражанның қадалған жерден қан алатынын білген Жан да бұған көнеді. Ақырында, қара ниетті Қаражан қыздың арын аяқасты етіп қорлайды. Уақыт өте келе Гүлдананың бала көтергені мәлім болады. Аңғал қыз Қаражанға сенеді. Бірақ, Қаражан Гүлдананың сенімін ақтамайды. Оны жай ғана уақытша ермек еткенін білдіреді. Кейіннен, ай-күні толып босанған Гүлдана баласымен жалғыз қалады. Негізінен, осы Гүлдананың аянышты тағдырына Сәндігүл апай кінәлі болып шығады. Өйткені, ол қолында ұстаған қыздарын әлгіндей жаман жолдарға итермелеп, табыс табатын болады. Тағдыр жазуымен Сәндігүл де опық жеп, жан баласы Жаннан да айырылады. Баласы оны тастап кетеді. Тек арада Гүлданадай қыздар — гүлдей солып қала береді…

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*