Арыста «Үлгілі ұстаз» байқауы өтті

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қазақ әдебиетінің әлеуеттілігін арттыра отырып, өлең жыр айдынының арнасын кеңейту, КСРО және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Арыс қаласының «Құрметті азаматы», ұлтжанды жазба ақын Пернебек Үсенбайдың шығармаларын халық арасында кең көлемде насихаттау, есімін жас ұрпаққа ұғындыру және ұстаздардың еселі еңбегін дәріптеу, ел арасындағы таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту, әдебиет пен өнерге жаны құмар ұстаздардың шығармашылығын шыңдап, бүгінгі қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында Арыс қалалық мәдениет үйінде 2017 жылдың қазан айының 11 күні Пернебек Үсенбай атындағы «Үлгілі ұстаз — 2017» қалалық байқауы ұйымдастырылып өткізілді.Байқау ұстаз П.Үсенбаевпен қызметтес болған зейнеткер ұстаз Қ.Жұмабаеваның құттықтау сөзімен ашылып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сынға түскен 11 мұғалім «Мамандығым — мақтанышым» өзін – өзі таныстыру, «Жыр жазамын жүрегімнен» П.Үсенбайдың шығармаларын орындау,«Білгенге маржан» сұрақ — жауап кезеңдері бойынша бақтарын сынады.
Мәдени шара барысында ақын, ұлағатты ұстаз болған П.Үсенбаевтың келіні, байқау демеушісі Г.Үсенбаева қаламыздың бірқатар азаматтарына тарту-таралғы жасады. Ал қазылар алқасының шешімі бойынша «Бас жүлде» Г.Анықбаева (М.Әуезов мектебі), І орын Н.Оспанова (Комаров мектебі), ІІ орын П.Ниязова (С.Сейфуллин мектебі), Ғ.Ізтілеуов (С.Адамбеков мектебі), ІІІ орын С.Отарова (Абай мектебі), А.Абдубайтова (2 бастауыш), Л.Зәуірбекова (Ә.Жангелдин мектебі) иеленді. Жүлдегерлер Арыс қаласы әкімінің дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*