ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ГЕОГРАФИЯСЫ: ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРҒА КЕЛУШІ ТУРИСТЕР САНЫН АРТТЫРУ БАСТЫ МАҚСАТ

Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы және «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын жүзеге асыру аясында Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени және рухани орындарға арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Рухани мекендегі басқосудың мақсаты – кесенелер тарихымен таныстыру, насихаттау жəне мол тарих пен құнды деректерге бай мекеннің қадір-қасиетін барынша ашып көрсету жəне елімізбен қатар шетелдік туристердің қызығушылығын арттыру, құрылыс жəне абаттандыру жұмыстарымен таныстыру болып табылады. Осы орайда, «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейіне қарасты  Əлқожа ата, Гауһар ана кесенелері мен ортағасырлық Сауран қаласына арнайы барып, тарихы, қорғау және қалпына келтіру жұмыстары көрсетілсе, Үкаша ата кесенесі мен құдығы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайында да мол мағлұматтар берілді.    Аталған танымдық шараға «Əзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, «Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау» бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев, музейдің бас редакторы Әбдікерім Манапов, музей қызметкерлері және облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.  Тарихшы-ғалымдар мен музей қызметкерлері Түркістан өңірінің бірегей тарихи-мәдени мұра объектілерінің бірқатарымен таныстырып, ескерткіштердің өзіне тән ерекшеліктерін де баяндады.
Сонымен қатар, атаулы ескерткіштерге кешенді түрде зерттеу жұмыстарының жүргізілу қажеттігі мен туристік нысанға айналдырудың маңыздылығы да сөз болып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
«Тарихи құндылықтарымызды байытудағы басты мақсатымыз – тарихи киелі жерлерімізді сақтап қалу, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, туризмді дамыту арқылы барлық елдерге паш ету болып табылады», — деді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов. Шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*