Латын әліпбиі: білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық

Латын әліпбиінің ыңғайлы нұсқасын таңдауда әрбір ел азаматының пікірі ескеріледі. Яғни, әрбір тіл жанашыры мемлекеттік тілді латын қаріпіне көшіру ісіне өз үлесін қоса алады. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде өткен «Латын әліпбиі: білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық» дөңгелек үстелінде студент жастарға латын әліпбиінің Елбасыға ұсынылған жаңа нұсқасы таныстырылды.

–Соңғы нұсқада көрсетілгендей, кей дыбыстар дәйекше арқылы берілген. Бұл нұсқа оқуға да, жазуға да ыңғайлы болмақ, – дейді қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова. – Елбасының мақаласы жарияланған сәттен-ақ, Президент әкімшілігінде латын қарпінің өзіндік үлгісін көрсеткен 300-ден астам хат қабылданыпты. Бұл әрине, мәселенің өзектілігін, қоғамның белсенді қолдауын айғақтайды. Қазіргі сәтте латын әліпбиін меңгеру ел тұрғындарына қиындық туындатпауы тиіс. Себебі, күнделікті қолданып жүрген мобильді байланыс құралдары, ғаламтор жүйесі арқылы ел ішінде сауаттылықтың жоғары деңгейі қалыптасқан.

Баяндама жасаған М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Тілеубердиев латын әліпбиіне көшудің жолдары және оның маңыздылығын нақты ғылыми айғақтармен атап өтті. Сондай-ақ, педагогика ғылымдарының докторы, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Молдабек Құлахмет және Қазақстан Жазушылар Одағы ОҚО бойынша филиалының төрайымы Айгүл Қапбарованың латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тілінің үндестік заңдылықтарын сақтау қажеттігіне тоқталды.

Жиын соңында қазақ әліпбиінң латын қаріпіне көшу мәселесі бойынша қала жастарының Үндеуі қабылданды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*