ОҚО-да тәулік бойы тіс емдейтін емхана бар

Оңтүстік Қазақстан облыстық тіс емдеу емханасы халыққа тәулік бойы қызмет етуге көшті. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың бұйрығымен азаматтардың түнгі уақытта да ем қабылдауы үшін осындай қолайлы жағдай жасалды. Енді тәуліктің кез келген уақытында облыс тұрғындары таңнын атысын күтпей-ақ дәрігердің көмегіне жүгіне алады.

– Біздің емханада 195 адам жұмыс істейді. Оның 68-і дәрігер-стаматолог, 66  медбике. Бүгінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша халыққа тәулік бойы қызмет ету мақсатында 4 бригада – 4 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар түнгі мезгілде науқастарды қабылдауда. Бұл елімізде алғаш қолға алынған шара. Бұған дейін бізде жылына 200 мыңға жуық адам тегін ем алып келген. Ал, күніне 400-ден астам адам ем қабылдайды. Енді тәулік бойы жұмыс істеген соң емханаға қаралуға келетіндердің саны бұдан да артатыны анық. Басқарма тарапынан барлық жағдай жасалған. Науқастарды емдеуге, оларға көмектесуге толық мүмкіншілігіміз бар. Тек сырқат адам таңды күтпей-ақ Шымкент қаласы, Т.Айбергенов көшесі 5-В ғимаратында орналасқан емханаға келуі тиіс. Бізге жедел жәрдеммен жетуі міндетті емес, – дейді облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері Ерғали Орманов.

суреттерді түсірген Асхат Ассанди

Ақпан айы басталғалы, мұнда 7 күнде түнгі мезгілде 24 адам тістерін емдеткен. Аудан-ауылдардан келгендер де бар. Дегенмен, олардың 17-сінде тіс сырқатының асқыну белгілері анықталғанын тілге тиек еткен Ерғали Керімбекұлы облыс тұрғындарын жылына екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұруға шақырды.

Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы 2016 жылғы мәліметі бойынша түнгі уақытта жәрдем сұраған науқастардың 277-і пульпит ауруымен сырқаттанғандар, тексеруден кейін 217 науқас үйінде қалдырылған, 60 науқас стационарға алып келінген. Кариес диагнозымен 197 науқас жәрдем сұраған, оның 186-ы үйінде қалдырылған, 11 науқас стационарға алып келінген. Жарақатты тіс жұлу диагнозымен 94 науқас шағымданған, оның 61 үйінде қалдырылып, 33 науқас стационарға алып келінген. Сонымен қатар Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының жақ бет бөліміне 487 ересек және облыстық балалар ауруханасы жақ-бет хирургиясына 285 бала тіс ауруларының қауіпті асқынулары абсцесс, флегмона диагноздарымен  емделуге келген. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерді зерделеу барысында түнгі мезгілде  жәрдемге мұқтаж болған тіс ауруларымен ауырған науқастар толыққанды ем алмаған. Тек аурубасушы дәрілермен уақытша ем алумен шектелген. Оларға емді стоматологиялық мекемелерде жалғастыру жайлы кеңес беріліп келген. Алайда сол науқастар стоматологиялық мекемелерге 1-2 күн кешігіп  келуде. Кей жағдайларда ата-аналарының уақыттары тапшы болғандықтан балалар 3-4 одан да көп уақыттан кейін стоматологтың қабылдауында болады. Осындай тіс ауруларының асқынуларын болдырмау және алдын алу үшін кешкі, түнгі мезгілде стоматологиялық көмекке мұқтаж болған науқастарға толыққанды, сапалы, білікті көмек көрсету мақсатында тәулік бойы стоматологиялық көмек көрсету нысандарын ұйымдастыру қажеттілігі өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл бас жоспарға сай аумағы ұлғайып, тұрғындарының саны артқан, қала қонақтарын қоса алғанда 1 миллионнан астам адамға тәулік бойы қызмет көрсететін тіс емхананың қажеттілігін аңғартады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы №29 санды «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қаулысына сай 14 жасқа дейінгі балалар, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті әйелдер, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына стоматологиялық көмек қатты аурған жағдайда (острая боль) тегін көрсетіледі.

 ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*