«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» музейінде латын әліпбиіне көшу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу жөнінде түсіндірме жұмыстары бойынша зиялы қауым өкілдерімен басқосу өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған басқосуға Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Ж.Ибрагимов, қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры С.Сауранбаев, ақсақалдар алқасының мүшесі Респуликалық «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдегері Е.Бимағанбетұлы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы С.Садықов, филология ғылымының кандидаты проффесор ҚР Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Б.Сердәлі, Түркістан қаласындағы Ахыска Түріктері этно-мәдени орталығының төрағасы Х.Алиев, Қолөнер орталығының директоры Ж.Байдаулетов, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми зерттеу институты директоры К.Жетібаев, ҚР мәдениет қайраткері, «Жастар сыйлығының» лауреаты, әнші-сазгер С.Елеуов, ақын З.Еркеболаев, «Нәзір Төреқұлов» музейінің директоры Д.Керімбекова, зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің меңгерушісі Ж.Ибрагимов латын әліпбиі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында талқыланып жатқан ең бір келелі мәселелердің бірі екендігін атап өтті.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, фил.ғ.д. Б.Сердәлі өз тарапынан, латын әліпбиі ел болашағына үлкен үлес қосары анық екенін және қазіргі таңдағы жастар студенттер тарапы қолдайтынын жеткізді.
Басқосуда Түркістандық жастар атынан сөз алған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақмарал Ғаниқызы латын əліпбиіне көшу арқылы көреген көшбасшының озық ойлы идеясына үлес қосатындығын жеткізді.
Жиында сөз сөйлеген зиялы қауым өкілдері, әліпбидің жобасы туралы ой-пікірлерін ортаға салып келелі ойларын айтып, тың бастамаға бірауыздан қолдау білдірді.
Жиынды қорыта келе, қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов «Латын әліпбиіне көшу арқылы ұлт мұратының жаңа бір белеске өрлеуіне, түркі тілдес халықтардың өзара тіл байланысының артуына, жаңа заман талабына сай өскелең ұрпақтарымыздың ағылшын тілін меңгеруіне зор мүмкіндік туады. Сондықтан Елбасының тіл мәселесіне қатысты ой толғамына ынта жігерімізбен қолдау білдіру – бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе» — деп сөзін қорытындылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*