Түркістандық қариялар қаланың көрікті жерлерін аралады

Түркістан қаласының «Қала күні» және «Алтын күз» мерекелері аталып өтті. Дүбірлі тойдың басында қала қонақтары және зиялы қауым өкілдері арнайы дайындалған автобуспен қаладағы құрылыс нысандарымен танысты. Соның ішінде қайта жаңғыртылған Н.Оңдасынов кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Аталмыш кешен бастапқы кейіпінен өзгеше түрге енген. Жасыл газонмен көмкерілген орында демалыс бастырмалары, жарықшамдар, аяқжол, орындықтар және кіреберіс жеріне соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен қапталған арка орнатылған. Жаңаша кейіпке енген кешенді тамашалаған көпшілік қала орталығының көркейіп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді. Осылайша бастау алған мерекелік жиында қатысушылар қаладағы М.Әбенова, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы, Б.Майлин, О.Жандосов көшелерінің абаттандыру жұмыстарымен танысты. Негізгі көшелер болып табылатын жолдардың жиегіне аяқжолдар, лотоктар, жарық бағаналары мен сол бағанаға ұлттық нақышта өрнектелген оюлар ілінген. Бұдан бөлек жаңадан бой көтеріп жатқан «Рәміздер алаңы», «Түркі бағы» аллеяларының таныстырылымы болды. Айта кетерлігі «Рәміздер алаңы» аллеясында биіктігі 62,5 метрді құрайтын алып ту орнатылған. Бұл еліміздегі өзге қалаларда бой көтерген тулардың биіктігімен салыстырғанда қасиетті мекендегі ту үшінші болып саналады. Ел азаматтарына рух беретін бұл нысанның бой көтеруін осы күннің өзінде қала халқы жақсылыққа балап, мемлекеттік рәміздерді көрген жас ұрпақтың патриоттық рухының жоғары болатынын, туған жерге деген мақтаныш сезімінің жоғары тұратынын айтуда. Сол секілді, Н.Назарбаев көшесін бойлай орын тепкен «Түркі бағы» аллеясының да өзіндік мән-мазмұны жоғары. Биылғы жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістанда түркі халықтары бірлігіннің белгісі ретінде бой көтерген аллея бауырлас халықтардың символына баланып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*