Шымкенттік мұғалім «Үздік педагог» атанды

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлiк мектебiнiң қазақ тiлi және әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Бекжан Көпбосынов «Үздiк педагог – 2017» республикалық байқауының жеңiмпазы деп танылып, 2 млн. теңге сыйақыға ие болды.

Мектеп мұғалiмдерi арасында өтетiн дәстүрлi байқауға елiмiз бойынша 5620 үмiткер қатысып, бақ сынаған. «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шығып» зияткерлiк мектептiң педагогы өзiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн көрсете отырып, үздiк деп танылды. «Үздiк педагог – 2017» байқауының жеңiмпазын ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев пен ҚР Парламентi Сенатының депутаты Бiрғаным Әйтiмова құттықтап, арнайы диплом мен 2 млн. теңгенiң сертификатын табыс еттi. Бекжан Көпбосынов бұған дейiн 2013 жылы Түркия Республикасының Карс қаласында өткен «Түркi халықтары ақындарының фестивалiнде» жүлдегер атанған-ды. Назарбаев зияткерлiк мектептерiнiң арасында өткiзiлген республикалық «Жыл мұғалiмi – 2013» байқауына белсене қатысып, 1-орынды жеңiп алғаны да бар. Ал, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнде қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi қызметiн 2013 жылдан берi атқарып келедi. Әрбiр сабағын жүйелi дайындықпен, шығармашылық iзденiспен жүргiзетiн педагогты нағыз шығармашыл жан деуге болады. Бүгiнде ол шығармашылық пен зерттеушiлiктi қатар ұстап, «Әлiппе: әрiптер әлемi» атты қазақ әлiпбиiн балаға жеңiл меңгертетiн инновациялық жобамен айналысуда.

Жас ұрпақтың бiлiмiн жетiлдiру жолында тынымсыз еңбек етiп келе жатқан бiлiктi ұстазды жеңiсiмен құттықтаймыз.

Махаббат БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, Шымкент қаласы физика — математика бағытындағы Назарбаев зияткерлiк мектебiнiң баспасөз хатшысы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*