ОҚО-да нақтыланған бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың кезекті 15-ші сессиясында облыстың осы жылғы бюджеті 511,4 млрд. теңге болып нақтыланды. Сонымен қатар, сессия отырысында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың бюджет көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,7 млрд. теңгеге өсіп, бөлінген қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті.

«Бөлінген қаржылар есебінен биыл 20 медициналық пункттердің мәселесі шешілетін болады. «Өрлеу» жобасы аясында 58 546 аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдауға қосымша 1,7 млрд. теңге бағытталуда. Сонымен бірге, білім беру нысандарының құрылысына 1 млрд. теңгеге жуық қосымша қаржы қарастырылып отыр. Жалпы ағымдағы жылы 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған болса, бүгінгі таңға 24-нің құрылысы аяқталды. Баспана мәселесіне де назар аударылып отыр. Шымкент қаласында 2 478 пәтерлі 29 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын бастауға 2,3 млрд. теңге бөлінуде», — деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі биыл 3 автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып жатқанын ол үшін тиісті қаржылар толығымен қарастырылғанын жеткізді. Осының нәтижесінде, алдағы уақытта Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Отырар аудандарындағы 137 елді мекендегі 325 мыңға жуық тұрғындар табиғи газбен қамтамасыз етілмек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*