ОҚО-да күніне 60 тонна ет экспорттауға қауқарлы комбинат жұмыс істеп тұр

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында алғаш рет ирандық инвесторлардың қатысуымен ірі көлемде ет және ет өнімдерін дайындайтын жаңа комбинат ашылды. Мұнда тәулігіне 3000 бас ұсақ мал мен 200 бас ірі қара сойылып, әзірленеді деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

«Қайып ата» деген атаумен танылған серіктестіктің еншілес қожалығы болып табылатын «ЮКО-ЭКО-FOOD» ет комбинаты бұл жобаны Иран Ислам мемлекетімен бірлесе бастап отыр.

Тамақ өнеркәсібін дамытуға септігін тигізетін «ЮКО-ЭКО-FOOD» ЖШС-нің ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев пен Ираннан келген серіктестер, яғни  Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Мирлоги Сейедалиакбар Агареза қатысты.

Көлемі  15 га  құрайтын ет комбинатының 2000 шаршы метрден астам аумағы өндірістік құрылымға негізделген. Кәсіпорын толық қуаттылығына шыққанда 5 мың ұсақ мал еті өндіріліп, жергілікті 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Германиялық технологиямен жабдықталған комбинатта  мал сою процесі саты-сатымен жүргізіледі. Айта кету керек, жобаның инвестициялық құнының 75 пайызын ирандық инвесторлар салған.

Иран Ислам мемлекетіндегі жылдық етке қажеттілік 2 млн. 400 тоннаны құрайды. Осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында, екі  тарап  күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас ірі қара етін алу үшін келісім шарт жасасты. Яғни, күніне 60 тоннадан астам экологиялық таза ет Иранға экспортталмақ. Бұл, өз кезегінде, ел экономикасына оң ықпалын тигізіп, Елбасының ет экспортын арттыру міндетін жүзеге асырудың айқын дәлелі болып табылады.2:46

Осы күні екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту мақсатында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Мирлоги Сейедалиакбар Агареза бастаған делегациямен кездесті.    Жиын барысында тараптар бірлескен кәсіпорындар құру, технологияларды жетілдіру, ауылшаруашылығы салаларын дамыту жайын сөз етті.

Өңір басшысы қонақтарға аймақтағы іскерлік және инвестициялық ахуал мен шетелдік инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктерді түсіндірді.

«Облысымызда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі тиімді жеңілдіктер қарастырылып, инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалынуда.  Әкімшілік кедергілер де мейлінше азайтылып отыр. Иран Ислам Республикасы ауыл шаруашылығы саласында үлкен мүмкіндіктерге ие мемлекет екенін жақсы білемін. Сондықтан бұл бағыттағы бірлескен жобалар болашақта өз жемісін береді деп сенемін»,- деді әкім.

Өз кезегінде, мәртебелі мейман, Иран елінің қазақстандық экологиялық таза өнімге сұраныстың жоғары екенін айтып, екі ел үшін де тиімді болатын жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*