Шардаралық Нұрдәулет Айдархан «ҚР-на еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды

Шардараның спорт тарихында айтулы жаңалық болып отыр. Ауданда тұңғыш мәрте «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері» атағымен армрестлингтен үш мәрте әлем чемпионы атанған Нұрдәулет Айдархан марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының 2017 жылдың 17 қазандағы №291 бұйрығымен жерлесімізге осындай спорттық атақ берілді.
Әрине, бұл атақ тектен-текке беріліп отырған жоқ. Қажымай-талмай жаттығудың, шелектеп тер төгудің, тегеурінді жігер мен өр намыстың арқасында ғана спортшы биік белестерді бағындыра алады. Ересектер арасында 60 келі салмақта сынға түсіп жүрген Нұрдәулет Айдархан қыркүйек айында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шығып, алтыннан алқа тағынып еді. Үшінші мәрте әлем чемпионы атанған жерлесіміз сонда «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері» атағына берілетін міндеттемені орындады деп қуана хабарлаған болатынбыз. Енді міне, Нұрдәулет палуан осынау жоғары атақты Шардарада тұңғыш рет өзі иемденіп отыр.
Біз барша жанкүйерлер атынан Нұрдәулет Айдарханның осынау марапатына құтты болсын айтамыз. Жеңісті күндер көп бола бергей!

«ShardaraArmsport — news».

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*