ОҚО әкімі «Severance – KZ» халықаралық медициналық қор» президентімен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Severance – KZ» халықаралық медициналық қор президентімен кездесті.Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім, инновация салаларын бірігіп дамыту мақсатында байланысты нығайтуға уағдаласты. Өз кезегінде сөз алған қор жетекшісі Ан Лариса Қазақстан және Оңтүстік Корея республикалары арасындағы әріптестік қарым-қатынастың жақсы деңгейде екендігін атап өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысынан халықаралық қордың өкілдігін ашуға ниетті екендігін жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысының 3 миллионға жуық тұрғыны бар. Жамбыл, Қызылорда сынды көрші облыстар да бізге жақын орналасқан. Сондықтан бүгінгі ұсыныс-пікірлеріңіз ескерусіз қалмайды. Әсіресе медициналық туризмді дамыту жөніндегі ұсыныстарыңызды қолдауға әзірміз. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның үздік заманауи технологияларын бірлесе меңгеру өте маңызды», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кездесу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Severance – KZ» халықаралық медициналық қоры арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Аталған келісім негізінде қор азаматтарымызға медициналық көмек көрсетіп, әлеуметтік мекемелерге қолғабыс жасайтын болады. Сонымен қатар, ота жасауда, кадр даярлау, донор табу мәселелерінде өңірлік мекемелермен бірлесе жұмыс атқармақ.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*