Түркістандықтар жүлдегер балуанын күтіп алды

Түркістан жұртшылығы дзюдодан Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында қола медалды жеңіп алған жерлестері Дидар Хамзаны салтанатты жағдайда қарсы алды. Жергілікті жанкүйерлерлер тапынан жүлдегерге темір жол вокзалында ерекше құрмет көрсетілді.Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада ізбасарларын дайындайтын мамандандырылған спорт мектебінің шәкіртіне мектеп ұжымы атынан директоры Дәурен Тәңірбергенов арнайы ақшалай сыйлық табыс етті. «Дидардың бұл жетістігі дзюдо спорты тарихында өңірдегі алғашқы жетістік деуге болады. Дидар бұған дейін Рио олимпиадасында да бақ сынаған. Бүгінгі жетістік алдағы болатын Токио олимпиадасында топ жаруға арналған жүлде болғай»,- деді директор.
73 келі салмақта сайысқа түскен сайыпқыранға қолаға қол созу оңай болмағанын айтады жеке бапкері Марат Файзиев. Жуырда алған жарақатына да қарамай, барын салғаннан кейін төккен тердің өтеуі болды дейді ол. Ал Дидардың өзі болса ел намысы үшін әлі де талай жетістіктерге жетуді мақсат тұтқанын жасырмайды. Жиырманың жалына енді ғана жармасқан жас балуан әлі де талмай еңбектенемін дейді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*