Түркияның судьялары мен прокурорлары Отырар ауданында қонақта болды

Отырар ауданында бауырлас Түркия Республикасының Жоғарғы сот төрағасы Исмаил Рюштю Джирит бастаған делегация келді. Оның құрамында Түркия Жоғары кассациялық сотының Бас республикалық прокуроры Мехмет Акарджа, Түркияның Әділет министрінің орынбасары Шабан Йылмаз, сондай-ақ түрлі деңгейдегі судьялар, прокуратура және әділет органдарының өкілдері бар. Мәртебелі меймандарды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бастап келді. Алдымен Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасаған Түрік делегаттары әл-Фараби, Бейбарыс бабаларымыздың топырағы қойылған құлпытас белгі басына құран бағыштап,бабаларымыздың өмір тарихына қанықты.
Мұнан соң құрметті қонақтарды аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан тарихынан сыр шертетін, құнды жәдігерлер қойылған көрмемен таныстырды. Ата жұртқа келген ағайындарға арнап ақшаңқай ақ үйге арнайы дастархан жайылды. Мәртебелі меймандарға шежірелі ауданымыздың тарихы жөнінде жан-жақты сөз еткен аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындыларын естелік ретінде делегация мүшелеріне тарту етті.
Өз кезегінде, И.Джирит мырза екі туысқан мемлекеттің тарихы, мәдениеті мен ұлттық тамырының ортақтығын айта келе, үлкен қонақжайлық танытқан отырарлық ағайындарға алғыстарын білдірді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*