Латын әліпбиіне көшу-Ұлы өзгерістің басы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп жарқын болашаққа бағдар жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның латынға көшуі жайлы жоспарына тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын.

Латын әліпбиі қазіргі заманда әлем жұртшылығы арасында кең тараған әліпби. Қазіргі түркі мемлекеттерінің ішінде Түркия (1928 ж.), Әзірбайжан (1991 ж.), Өзбекстан мен Түркменстан (1993 ж.) латын алфавитін қолданады. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың көпшілігімен еркін қарым-қатынас жасап, әлемдік ақпараттық кеңістікке кең жол ашуымызға мүмкіндік беретін графика ретінде танылып, бүгінде латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі экономикасы дамыған отыз елдің қатарынан орын алу ісіне, мемлекеттік тілдің ұлттық бет-бедерін сақтап қалуға, түбі бір туыс түркі халықтарымен рухани-мәдени жақындасуына, электронды ақпарат құралдарын жылдам игеруге оң ықпал етеді.
Әліпби ауыстыру, жазу реформасы қоғамның әрбір мүшесіне тікелей қатысты болғандықтан, оған ешкім немқұрайлы қарай алмасы белгілі. Әркімнің үн қосып, пікір білдіргені дұрыс. Біздің ауданымызда да латын әліпбиіне көшу бойынша насихат жұмыстары қызу жүргізілді. Аудандағы ауылдық округтерде, жоғары, арнайы орта және орта білім беретін мекемелерде, БАҚ құралдары арқылы қазақ тілі графикасы латын әліпбиіне ауыстыру жұмыстарына байланысты түрлі іс-шаралар, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Пердеш ЕСЕНБЕКОВ- Мақтаарал аудандық ішкі саясат,мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*