ОҚО әкімі бокс саңлақтарымен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде өтіп жатқан бокстан республикалық біріншілік қарсаңында сала саңлақтарымен кездесті. Олардың қатарында ҚР бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай, Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов, ҚР еңбек сіңген спорт шеберлері әрі Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев және Бақтияр Артаев, сондай-ақ Данияр Елеусінов, бокстан әлем чемпиондары Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиевтер бар.Кездесуде облыс басшысы арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп, бір мезетте үш бірдей олимпиада чемпионының өңірге алғаш рет келіп жатқандығын атап өтті.  Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдің спорт саласы қарқынды дамып келе жатқандығын айтты.

«Елбасымыз «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтатын сала. Бұл тұрғыда спортшыларымыз көк туымызды желбіретіп келеді» деген болатын. Оңтүстікке Серік Қонақбаевтай мақтанышымызды баптаған Юрий Андреевичтің, бұдан бөлек Олимпиада чемпиондарының келгені абырой. Біз облысымызда спортқа ерекше мән берудеміз. Айта кетерлігі, біздің өңірде 43 спорт мектебі бар. Елдің абыройын көтеру үшін спортшыларымызға барлық жағдайды жасаумыз керек», — деді Жансейіт Қансейітұлы.Өз кезегінде сөз алған ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов облысымыздың спорты қарқынды, оның ішінде бокстың жоғары деңгейде екендігін атап өтті.

«Бокстан біздің өңірде биыл екінші әлем чемпионы шықты. Ұлттық құрамада біздің спортшылар көп. Алдағы Олимпиадада оңтүстік өңірінен чемпион шығатынына сенемін. Сол үшін жұмыс жасаймыз», — деді Мырзағали Айтжанов.

Кездесуге келген ел мақтаныштары болашақта оңтүстікке арнайы келіп, мастер класс өткізіп тұратындарын жеткізді. Шара соңында облыс басшысы қонақтарға табыс тілеп, естелік сыйлық жасады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*