Шымкентте заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылды

Шымкент қаласында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов онлайн брифингте елімізде төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Үкіметте экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөнінде кешенді жоспар әзірленгенін айтты. Осы жоспарға сәйкес Шымкент қаласында дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілген.

Жоспарда бағаны тұрақтандыру, жергілікті тауар өндірушілерді қорғау, 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша 29 іс-шара қарастырылған.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасымен шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық жеңілдіктер беріліп, 3 жылға тексеруден босатылған.

Атап айтқанда:

– Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар мен спорт нысандары бір жылға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылады;

– Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер табыс салығынан босатылады;

– Ағымдағы жылдың 15 наурызынан 15-маусымына дейін өсімпұлдарды есептеу тоқтатылды;

– Салық есептілігінің мерзімін 3 тоқсанға ауыстырылды;

– Тамақ өнімдерін өндіру көлемі бойынша шикізат базасын өсіру және оның сапасын арттыру мақсатында жоғары сапалы биологиялық өнім импортына қосымша құн салығынан босатылды;

– 2020 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босатылды.

Шаhар басшысы брифинг кезінде қалада кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2020 жылғы бюджетте 11,3 млрд.теңге қаржы бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 млрд.теңгеге немесе 2 есе жоғары екенін жеткізді.

Мәселен,
– Ауылшаруашылық субсидияларына 4,2 млрд.теңге;

– Пайыздық мөлшерлемелерді ішінара субсидиялауға 5,2 млрд.теңге;
– Кредиттерді ішінара кепілдендіруге 823 млн.теңге;

– Инновациялық жобаларға грант беруге 205 млн.теңге;

– Жеңілдетілген несие бөлуге 816 млн.теңге және кәсіпкерлік қызметті қолдауға 40 млн.теңге бөлінген

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*