Шымкент қаласында короновирус инфекциясынан емделіп, сауығып шыққандар саны 420-ға жетті. Бұл 8 маусым күнгі көрсеткіш. Еліміздің үшінші мегаполисінде соңғы екі тәулікте коронавирус инфекциясынан 16 науқас ем қабылдап жазылып, ауруханадан шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті дерттен сауыққандардың басым бөлігі 50 жастан асқан азаматтар екен. Әлем халқын әбігерге салған індетті жеңіп шыққандардың ішінде 80 жастағы әжей бар. Дәрігерлер қарт кісіден коронавирус инфекциясын дер кезінде анықтап үлгерген. Нәтижесінде әжейді емдеу кезінде асқынулар болмады дейді дәрігерлер. Сонымен қатар медицина мамандары 7 айлық жүктілік кезеңіндегі әйелден коронавирус инфекциясын анықтап, шұғыл емдеу шараларын жүргізді. Болашақ сәбиінің де денсаулығына алаңдаған жүкті әйелде короновирус инфекциясы әсерінен ешқандай асқынулар болмаған. Екі аптаға жуық дәрігерлердің бақылауында болған аяғы ауыр әйелдің денсаулық жағдайы жақсарып, 7-маусым күні ауруханадан шығарылды.
Айта кетейік, бүгінге дейін қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасынан коронавирус инфекциясына шалдыққан 420 науқас дертінен айығып шықты.
Пікір қалдыру