Бүгін Шымкентте өтіп жатқан «Арманда» республикалық форумы аясында тележурналист Ләйла Сұлтанқызы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» қатынаушы қариялармен кездесті. Мегаполистегі алғашқы көп функционалды орталықта интернет-кафе, физиологиялық кабинет, кинозал, кітапхана, жаттығу залы мен йога, үстел теннисі, бильярд ойнау секциялары жұмыс істейді. Ләйлә Сұлтанқызы мұнда зейнеткер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың, балалар үйі тәрбиеленушілерінің бос уақыттарын өткізіп, денсаулықтарын жақсартып жатқандығының куәсі болды. Орталық басшысы Мауия Алданазарова орталықтың қызмет түрлері мен мерекелік концертке дайындық жасап жатқан өнерпаз қарттармен таныстырды.
– Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықпен байқалады, Міне, бүгін сондықтан да мереке қарсаңында қарттарымызбен кездескелі арнайы келдім. Зейнеткерлер мен қариялар бұл орталыққа отбасымен, балалары және немерелерімен келе алады екен. Зейнеткерлерге тегін әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Өнерпаз апаларымның өнерімен де таныстым. Маған өте ұнады. Болашақта ән айтып, би билеген апаларымды жобаларға шақырып қуантсам деген ой туып тұр, – деді Л. Сұлтанқызы.
Орталықта зейнеткерлер мен қариялар тек ем алып қана қоймай, әртүрлі үйірмелерге қатысады. Өнерпаз қарттарға арналған «Мұрагер» аспаптар ансамблі, «Асыл жүрек» вокал ансамблі, «Жібек» би тобы бар. Үйірмеде өнерлерін ұштаған зейнеткерлер өз өнерімен бөлісіп, бір сәт қуанышқа бөленді.
Айта кетейік, бұл орталық 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда мекемеде жүзге жуық қария күндіз 4 сағат арнаулы әлеуметтік және медициналық көмек алады.
Пікір қалдыру